Нысан мерзімі: 1996 жыл.
Нысанның орналасқан жері: Сарыкөл ауданы, Крылов ауылынан 12 шақырым жерде.
Барақ Қарабалуанұлы – батыр, әскери қолбасшы, Абылай ханның сенімді серігі. Ел ішінде «әулие» – емші, көріпкел ретінде танымал болған.
Барақ батыр шамамен 1696 жылы қазіргі Жангелдин ауданының Алдияр ауылында туған. Әкесі Жанұзақ Қарабалуан есімі мәшһүр болған түйе балуан. Барақ жас кезінен батырлығымен қатар емшілік, көрегендік қасиеттерімен де халыққа кең танылған. Оған сәуегей болжаушы, емшілік-тәуіптік қасиет шешесі Жасқаннан дарыған. Барақ батыр қазақ жерін қалмақ басқыншыларынан азат ету жолындағы Ордабасы жиынына, Бұланты, Аңырақай шайқастарына қатысқан. Абылай ханның қасында болып, хан сенімін ақтаған. Пугачев бүлігі кезінде Барақ батыр өзін ерекше көрсетті. Барақ батыр XVIII ғасырдың аяғында дүниеден өтті. Содан бері батыр жерленген жер адамдардың жыл сайын тәу ететін орны болып табылады. 1996 жылы Барақ батырдың туғанына үш жүз жыл толуына арналған мерейтой қарсаңында кесене жаңартылып, салтанатты түрде ашылды. Онда жерленген кезінен сақталған араб тіліндегі жазуы бар тас тақта орналастырылған. Кешен құрамына құдық және зиярат жасауға келгендерге арналған үй кіреді.
Leave a Reply