Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы — еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігінің, халық бірлігі мен ұлттық мақтанышының символы. Ол 1992 жылы 4 маусымда ресми түрде бекітілді. Мемлекеттік рәмiздiң авторы — талантты әрі шығармашылық еңбегі ел тарихында өшпес із қалдырған Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, суретші Шәкен Оңдасынұлы Ниязбеков.
Тудың ашық көк түсі ашық аспанды, бейбітшілік пен бірлікті білдіреді, күн — өмірді, молшылық пен гүлденуді, дала бүркіті — бостандықты, рух асқақтығын және биік мақсаттарға ұмтылысты, ал сабының тұсындағы ұлттық өрнек қазақ халқының бай мәдени мұрасы мен өзіндік ерекшелігін бейнелейді. «Менің елімнің Мемлекеттік Туы» фотодеректі көрмесі келушілерді мемлекеттік рәмiздiң құрылу тарихымен, Шәкен Ниязбековтің өмірі мен шығармашылығымен таныстырып, ұлттық ту элементтерінің мағынасын ашады.
Көрме патриотизмді, мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауды және өз еліне деген мақтаныш сезімін тәрбиелеуге бағытталған. Мемлекеттік Ту — Отанға деген сүйіспеншіліктің, тәуелсіздіктің, ұлттық бірлік пен Қазақстанның болашағына деген сенімнің символы.