Қазақстан Республикасының Ұлттық валюта күні қарсаңында Б. Майлин атындағы тарихи-өлкетану музейінде ұлттық ақша жүйесінің қалыптасуы мен даму тарихына, теңгенің айналысқа енгізілуіне және оның мемлекеттің экономикалық тәуелсіздігін нығайтудағы маңызына арналған «Қазақстанның қаржылық егемендігі» атты заттай көрме ұйымдастырылды.
Көрмеде әртүрлі номиналдар мен шығарылған кезеңдердегі банкноттар, металл және мерейтойлық монеталар, сондай-ақ ұлттық валюта тарихын және оның дамуының негізгі кезеңдерін ашатын материалдар ұсынылған. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы ақша белгілеріне, банкноттар дизайнының өзгеруіне және оларда елдің тарихи-мәдени мұрасының көрініс табуына ерекше көңіл бөлінген.
Көрме теңге тарихымен мемлекеттік егемендіктің маңызды нышандарының бірі ретінде таныстырып, оның Қазақстанның тәуелсіз экономикасының қалыптасуындағы және ұлттық қаржы жүйесін құрудағы рөлін атап өтеді.