Ауданның шығармашылық ұжымдарының «Мерейлі Меретой – 90!» атты концерттік бағдарламасы аясында ағымдағы жылдың 16 шілдесінде Е. Өмірзақов атындағы аудандық Мәдениет үйінің фойесінде Б. Майлин атындағы тарихи-өлкетану музейі Бейімбет Майлин ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Жылдар арқылы сақталған естелік» атты тақырыптық көрмені ұсынды.
Көрмеге өңірдің маңызды оқиғалары: кәсіпорын басшыларының, ауданның еңбек ұжымдарының, еңбек ардагерлерінің еңбектегі жетістіктері бейнеленген мұрағаттық құжаттар мен тарихи маңызы бар фотосуреттер қойылды. Қонақтар мен жиналған қауым экскурсия барысында Бейімбет Майлин ауданының тарихымен және даму кезеңдерімен танысты. Келушілердің арасында музей қорынан алынған, белгілі тұлғалар — Б. Майлин, Е. Өмірзақов, С. Темірбаев және басқа да көптеген азаматтардың өмірі мен қызметіне қатысты бірегей жәдігерлер ерекше қызығушылық тудырды.
Көрме тарихи жадыны сақтауға, мәдени мұраны дәріптеуге және туған өлкенің өткеніне деген құрметті тәрбиелеуге бағытталған.
Сондай-ақ, Бейімбет Майлин ауданының құрылғанына 90 жыл толуын мерекелеу аясында ауданның ауылдық округтерінен келген еңбек ардагерлері үшін музейде «Туған өлкенің тарих беттері» атты тақырыптық экскурсия өткізілді. Қонақтар ауданның тарихын, мәдениетін және көрнекті тұлғаларын көрсететін музей экспозицияларымен танысып, өткен жылдардағы оқиғаларды үлкен қызығушылықпен еске алды және туған өлкенің дамуы туралы өз естеліктерімен бөлісті.