Жарияланды: 24.04.2026

0

Ағымдағы жылдың 24 сәуірінде Б. Майлин атындағы тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері «Алаштың ардақтысы – Әлихан Бөкейханов» атты фотоқұжаттық көрме ұйымдастырды. Көрме Ә. Бөкейхановтың туғанына 160 жыл толуына арналған.

         Әлихан Бөкейханов 1866 жылы Семей облысының Қарқаралы уезінде (қазіргі Қарағанды облысы) дүниеге келген. Төре тұқымынан шыққан, Бөкей ханның ұрпағы. Жоғары білім алып, Омбы техникалық училищесін және Санкт-Петербург Императорлық Орман институтын тәмамдаған. XX ғасырдың басында қоғамдық-саяси өмірге белсене араласты. 1906 жылы Ресей империясының І Мемлекеттік Думасына депутат болып сайланды. 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін қазақ халқының ұлттық автономиясын құруды мақсат еткен «Алаш» қозғалысын басқарды және Алаш Орда үкіметінің төрағасы болды.

         Әлихан Бөкейханов тек саяси қайраткер ғана емес, сонымен қатар тарих, этнография және экономика салаларына зор үлес қосқан көрнекті ғалым ретінде танымал. Ол көптеген ғылыми еңбектер мен жарияланымдардың авторы. Кеңес дәуірінде қуғын-сүргінге ұшырап, 1937 жылы атылды. 1989 жылы толық ақталды.

         Көрмеде Әлихан Бөкейхановтың өмір жолын, қоғамдық-саяси қызметін және ғылыми мұрасын көрсететін архивтік құжаттар, фотосуреттер мен материалдар ұсынылған. Көрме көрнекті қайраткердің көпқырлы тұлғасын ашып, оның Қазақстан тарихындағы орнын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

 

Поделиться материалом