Жарияланды: 16.03.2026

0

Наурыз мейрамын қарсы алу қарсаңында Б. Майлин атындағы тарихи-өлкетану музейінің қабырғасында «Қош келдің, Әз Наурыз!» атты этнографиялық музейлік мереке өтті.

Іс-шараға Сапар Ерғалиев атындағы жалпы білім беретін мектептің оқушылары мен Әйет ауылының ақсақалдары шақырылды. Қонақтарға дәстүрлі тағамдар — Наурыз көже мен бауырсақ ұсынылып, мерекенің тарихы мен маңызы туралы айтылды, қазақ халқының салт-дәстүрлері еске алынды.

Іс-шараның жарқын сәттерінің бірі — «Тұсау кесер» салтының көрсетілімі болды.
«Тұсау кесер» — баланың алғашқы қадамдарына байланысты орындалатын маңызды қазақы дәстүр. Бұл рәсім бала тәй-тәй басып, жүре бастаған кезде өткізіледі және баланың өмір жолы ашық, қадамы нық, болашағы жарқын болсын деген ізгі тілекті білдіреді.

Рәсім барысында баланың аяғын арнайы жіппен — тұсаумен байлайды. Көбінесе ол ала жіптен немесе қара-ақ түсті жіптен жасалады. Содан кейін ата-анасы құрмет тұтатын, еңбекқор, жолы болғыш, абыройлы адамға тұсауды кесу ұсынылады. Халық сенімі бойынша, тұсауды кескен адамның жақсы қасиеттері балаға дариды деп есептеледі. Тұсау кесілгеннен кейін балаға арнайы төселген жолмен бірнеше қадам жасауға мүмкіндік беріледі. Көбінесе жол бойына әртүрлі заттар қойылады, баланың қайсысына ұмтылатынына қарап, оның болашақ қызығушылықтарын болжайды. Бұл салт ән-жыр, ақжарма тілектер мен қонақтарды сый-құрметпен қарсы алумен қатар өтеді және қазақ мәдениетіндегі ең жылы әрі қуанышты отбасылық дәстүрлердің бірі болып саналады.

Мереке көңілді ойындармен, ән-бимен жалғасып, қонақтарды Наурыз мейрамының басты тағамы — Наурыз көжемен сыйлаумен аяқталды.

Поделиться материалом