Ағымдағы жылдың 30 қаңтарында Б. Майлин атындағы тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері Б. Майлин ауданының құрылғанына 90 жыл толуына және «Знамя Советов» кеңшарының директоры Слесарчук Иван Ильичтің естелігіне арналған «Өткенге тағзым» атты фотодеректік көрме ұйымдастырды.
Көрме келушілерді Знамя Советов ауылының дамуына зор үлес қосқан Иван Ильичтің өмірі мен қызметін баяндайтын фотодеректік материалдармен таныстырады.
Слесарчук Иван Ильич Таранов ауданындағы Барсуковка кентінен шыққан. Ол жастайынан ғалым-құрылысшы болуды армандаған. Алайда әскер қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына қатысады. Иван Ильич майдан жолдарында көп қиындықты бастан өткерді. Ол Сталинград түбіндегі шайқастарға қатысып, өз бөлімшесімен бірге Украина қалалары мен ауылдарын, сондай-ақ Еуропа елдерін азат етуге атсалысты.
Соғыстан кейін комбайн тізгіндеп, еңбекқор механизатор ретінде танылды. Ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында оны әртүрлі жауапты қызметтерге ұсынды. 1960 жылы Карл Маркс атындағы ауылшаруашылық артелінің колхозшылары оны колхоз төрағасы етіп сайлап, жас әрі жігерлі басшыдан үлкен үміт күтті. Алайда бір жылдан кейін аудан басшылығы оны «Знамя Советов» кеңшарының директоры қызметіне тағайындады. Бұл қызметті ол 20 жыл бойы үздіксіз атқарды. Иван Ильич «Знамя Советов» кеңшарын 20 жыл басқарды. Оның білікті дипломат әрі ұйымдастырушы ретіндегі талантының арқасында кеңшар ұжымы мемлекетке ауылшаруашылық өнімдерін тапсыру жөніндегі жоспарларды үнемі жоғары деңгейде орындап отырды.
Иван Ильич жұмысшылардың тұрмысы мен мәдениетіне ерекше көңіл бөлді. Оның бастамасымен «Знамя Советов» кеңшарында қарттар мен мүгедектерге арналған үй, Мәдениет үйі, мектеп, кітап дүкені салынды. Елді мекендер көгалдандырылды.
«Знамя Советов» кеңшарының директоры ретіндегі көп жылғы жемісті еңбегі үшін Слесарчук Иван Ильич жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды: Ленин орденімен, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, «Құрмет белгісі» орденімен, сондай-ақ әскери ерлігі үшін екі «Қызыл Жұлдыз» орденімен және Отан соғысы орденімен наградталды. Сонымен қатар оған «Қазақ КСР-нің ауыл шаруашылығының еңбек сіңірген қызметкері» құрметті атағы берілді.