Нысан мерзімі: 1916 жыл.
Нысанның орналасқан жері: Жангелдин ауданы, Арқалық – Торғай автомобиль жолы бойында, Тәуіш ауылынан 3 шақырым жерде.
Амангелді және Жангелдин аудандарының аралығындағы Татыр көлінің жанында 1916 жылы Амангелді Иманов сарбаздары мен жазалаушы әскердің арасында алғашқы ірі шайқас өткен. Амангелді Иманов бастаған сарбаздар Торғайдан шыққан патшаның жазалаушы әскерін осы «Татыр» көлінің жағасында қалың қамысқа жасырынып күтіп, әскер алаңсыз жақындап келгенде тұтқиылдан шабуылдап жазалаушы әскерді талқандап жеңген. Осы қанды шайқас «Татыр соғысы» деген атаумен көтеріліс тарихына енді. Көлдің жағасын қаулай өскен ну қамыстың қалыңдығы сарбаздардың күтпеген жағдайларға торуыл жасауына, ұрыстың өз пайдаларына шешілуіне жақсы әсерін тигізді.
Бұл шайқас жайындағы хабар бүкіл қазақ даласына тарап, халық арасында Аманкелді Иманов пен 1916 жылғы шайқаста ерлік көрсеткен оның жасақшыларының мәртебесін асыра түсті. Көтерілісші қазақтар үшін бұл жеңіс тек әскери жоспарда ғана маңызды болып қойған жоқ. Оның маңызы моралды – психологиялық және әлеуметтік-саяси астарында жатыр. Татыр шайқасы халықтың көзқарасын кеңейтіп, ұлт-азаттық көтерілістердің ауқымдануына әкеліп соғып, бүкіл Қазақстанды қамтыды.
2018 жылы ескі ескерткіштің орнына кірпіштен жаңа құрылыс тұрғызылды. Ескерткіш айналасындағы алаң торлы металл шарбақпен қоршалған.
Leave a Reply