Нысанның орналасқан жері: Жангелдин ауданы, Аралбай ауылы.
Қазыбай әулие шамамен ХVІІ ғасырда өмір сүрген. Тарихшы Қойшығара Салғараның мәліметтері бойынша, Қазыбай бабамыз қазіргі Аққұм жерінде 1664 жылы дүниеге келіп, 78 жасында Баян-Таңат жерінде бақилық болған.
Қазыбай – ел қамқоры, болашақты болжағыш ақылгөй, әулие болған білікті жан. ХVІІ ғасырда Қазыбай әулиенің руы Торғай-Жыланшық өзендері бойының шұрайлы жерлерін мекен еткен. Қазыбайдан он бір ұрпақ тарап, бүгінде бір қауым елге айналған.
Бір жолы көш Баян-Таңат руы ауылының үстінен өтіп бара жатқанда, Қазыбай сырқаттанып, көшін тоқтатуға бұйрық береді. Туыстарын жиғызып: «Мен бір-екі күнде дүние саламын. Сүйегімді осы жерге қойыңдар» дейді. Туыстары «Бұнысы несі?» деп абдырап қалады, «Сіз – атақ-абыройы бар кісісіз. Ал мына қорымда бүкіл маңайға әйгілі Әулие қыз жерленген. Ертең атыңыз аталмай қалады ғой» депті туыстары. Сонда терең тыныстап алып Қазыбай: «Оған уайым жеп қайтесіңдер! Кімнің әулиелігі басым болса, соның аты аталады» депті. Ақыры сол қорым «Қазыбай қорымы» деп аталып кетті. 2018 жылы әулие жерленген жердің жанында зиярат жасауға келгендерге арналған жаңа үй салынды.
Leave a Reply