Ағымдағы жылдың 2 қазанында Е. Өмірзақов атындағы аудандық Мәдениет үйінде Б. Майлин атындағы тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен Халықаралық қарттар күніне арналған заттай көрме болып өтті.
«Қайырымды қолдар туындысы» көрмесі шебер қолдарымен жылылық, әдемілік пен жайлылық сыйлай білген ғажайып жан – Шкуратова Матрена Тихоновнаның рухына арналды.
Матрена Тихоновна 1928 жылы 28 қарашада Таран ауданының Журавлевка ауылында дүниеге келген. Ол жас кезінен қолөнермен айналысып, кесте тоқып, ілмекпен өрнектеп, дастархандар, майлықтар мен әртүрлі үй тұрмысына қажетті заттарды жасаған.
Оның өмірінде соғыс жылдары ерекше орын алды. Ауылдың басқа әйелдерімен бірге майданға көмек көрсетуге өз үлесін қосуға тырысып, сарбаздарға арнап жылы шұлықтар мен қолғаптар тоқыды. Соғыстан кейін де Матрена Тихоновна әрбір жұмысына өзінің жылылығын, қамқорлығы мен сүйіспеншілігін сіңіре отырып, жақындары мен туған-туыстары үшін заттар жасауды жалғастырды.
Бүгінгі таңда оның қолөнер бұйымдары музей тарихының бір бөлігіне айналды. Бір қарағанда қарапайым болып көрінетін бұл заттар бізге тұтас бір дәуірді, аналарымыз бен әжелеріміздің өмірін, олардың еңбекқорлығын, төзімділігі мен өз қолдарымен сұлулық жасай білу шеберлігін баяндайды.
«Қайырымды қолдар туындысы» – бұл жай ғана заттар көрмесі емес. Бұл мейірімді қолдары отбасы мен туған өлкесінің тарихында өшпес із қалдырған адамды еске алу.
Матрена Тихоновна Шкуратованың жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады.
Ол жасаған дүниелер алдағы уақытта да қолдарының жылуын сақтап, кейінгі ұрпаққа мейірімділік, қамқорлық пен адал еңбек туралы еске салып тұрсын.