Ағымдағы жылдың 18 маусымында Б. Майлин атындағы тарихи-өлкетану музейінде Бейімбет Майлин ауданы полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны Азат Сәкенұлымен «Заң және тәртіп» тақырыбында танымдық сағат өтті.
Іс-шара жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, құқық бұзушылықтар мен кибералаяқтықтың алдын алуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Заң және тәртіп» қағидатын түсіндіруге бағытталды.
Кездесу барысында қатысушылар интернет-алаяқтардың кең таралған әрекет ету тәсілдері, қылмыскерлердің SIP-телефония мен SIM-бокстарды қолдануы, дроппер ретінде қылмыстық әрекеттерге қатысқаны үшін көзделген жауапкершілік, сондай-ақ алаяқтардың құрбаны болмаудың алдын алу жолдары туралы мағлұмат алды. Сонымен қатар азаматтардың құқық қорғау органдарына жедел хабарлама жасап, құқық бұзушылықтар туралы мәлімет бере алатын eGov Mobile мобильді қосымшасының мүмкіндіктері таныстырылды.
Кездесу соңында полиция капитаны Азат Сәкенұлы қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, жеке қауіпсіздікті сақтау бойынша тәжірибелік кеңестерімен бөлісті.
Осындай іс-шаралар азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға, заңға бағыну мәдениетін қалыптастыруға және қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне жауапкершілікпен қарауға ықпал етеді.