Ағымдағы жылдың 18 мамырында Б. Майлин атындағы тарихи-өлкетану музейінде Халықаралық музейлер күніне және музейдің 35 жылдығына арналған «Музейдегі түн» атты интерактивті жоба өтті. Іс-шара аудан тұрғындары мен қонақтарын, тарих, мәдениет және өнер сүйер қауымды бір арнаға тоғыстырды.
Мерекелік бағдарлама салтанатты ашылу рәсімімен және жүргізушілердің құттықтау сөздерімен басталды. Іс-шара барысында музейдің тарихи жадыны, мәдени мұраны және халықтың рухани құндылықтарын сақтаушы ретіндегі маңызы айтылды. Құттықтау сөзбен Бейімбет Майлин ауданы мәдениет саласының жетекшісі Ж.Қ. Нұғманова және музей басшысы С.А. Рудик сөз сөйледі. Сонымен қатар, музей ұжымын, белсенді көмекшілерді, серіктестер мен музей достарын марапаттау рәсімі өтті.
Кештің көркін Е. Өмірзақов атындағы аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері, Б. Майлин атындағы мектеп оқушылары және шақырылған қонақтардың орындауындағы музыкалық нөмірлер аша түсті. Келушілер үшін күй орындалып, халық және заманауи әндер шырқалып, ерекше мерекелік көңіл күй сыйлады.
Бұл кеште музей қонақтарына түрлі тақырыптық алаңдар ұсынылды. Келушілер «Жамбылдың жүз жыры – мың тағдыр», «Тарих кадрда», «Қазақтың ұлттық тағамдары мен ас үй бұйымдарының ерекшеліктері» атты музей қорындағы көрмелермен танысты.
«Өлке тарихына экскурсия» атты интерактивті саяхат та көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Экскурсия барысында қонақтар музей экспозицияларымен және туған өлкенің тарихымен танысты. Шығармашылық аймақта «Дала тұмары», «Сиқырлы сіріңкелер» және «Сәттілік тұмары» атты шеберлік сағаттары өткізілді.
Қонақтар үшін «Дала шайының хош иісі» атты шай рәсімі ұйымдастырылып, келушілер хош иісті шөп шайларынан дәм татып, шай ішу дәстүрімен танысты. Қатысушылардың ерекше қызығушылығын «Музей жәдігерлерінің құпиясы» атты жастар квесті тудырды. Жастар тақырыптық бекеттерден өтіп, интеллектуалдық тапсырмалар орындады, жұмбақтар шешіп, пазлдар құрастырды, музей жәдігерлері мен ауылдың тарихи нысандарымен танысты. Қатысушылар тапқырлық, білімділік және ұйымшылдық танытып, ойын соңында тосын сыйы бар сандықты тапты.
Кеш бойы ұлттық киімдермен безендірілген фотозона жұмыс істеп, әрбір қонақ естелік суретке түсуге мүмкіндік алды.
«Музейдегі түн» жобасы қонақтарға жарқын әсер, шығармашылық атмосфера мен қызықты қарым-қатынас сыйлап, туған өлкенің тарихи-мәдени мұрасын сақтаудың маңыздылығын тағы бір мәрте еске салды.