Қазақстан Республикасы күні қарсаңында, 22 қазан күні Б.Майлин атындағы тарих-өлкетану музейінде аудан мектептерінің оқушылары арасында «Гүлдене бер, менің Қазақстаным!» тақырыбындағы «Не? Қайда? Қашан?» зияткерлік ойыны өткізілді.
Іс-шараның мақсаты – оқушылардың Қазақстан Республикасының тарихы туралы білімдерін кеңейту, патриоттық сезімін, туған жерге деген мақтаныш пен сүйіспеншілік рухын қалыптастыру.
Зияткерлік ойынға Әйет ауылындағы Б.Майлин және Сапар Ерғалиев атындағы мектептердің 9-сынып оқушылары қатысты. Қатысушылар екі командаға бөлініп — «Даналар» және «Білімпаздар» — Қазақстан Республикасының тарихы, мәдениеті мен жетістіктері туралы білімдерін сынап, өздерінің зерделілігін, логикалық ойлау қабілеттерін және командалық бірліктерін көрсетті.
Биыл Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның қабылданғанына 35 жыл толып отыр. Бұл – халқымыздың көптен күткен тәуелсіздікке қол жеткізген тарихи кезеңі. Бүгінгі іс-шара командалардың ұйымшылдығын, сондай-ақ осы маңызды оқиғаны ұлықтау мен еске алудың жарқын көрінісіне айналды. Мұндай кездесулер оқушылардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттырып, ұлттық рухты нығайтуға ықпал етеді.
Іс-шара салтанатты әрі танымдық сипатта өтіп, Республика күнінің ел бірлігі мен мемлекеттік тәуелсіздіктің нышаны ретіндегі маңыздылығын айқындады.