Бейімбет Майлин ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орайластырылған «Мәдени мұраға қамқорлық – ұлт болашағына қамқорлық» мәдени-ағартушылық форумы аясында Б. Майлин атындағы тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің қор бөлімінің маманы Әзірханова Дәмелі Төлегенқызы өткізген «Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын сақтау және дәріптеу» тақырыбындағы лекцияны тыңдады.
Кездесу барысында музей қызметінің өзекті мәселелері, музей қорларын қалыптастыру мен сақтаудың ерекшеліктері, келушілермен жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ Қазақстан тарихы мен мәдениетін зерттеудегі және дәріптеудегі музей коллекцияларының маңызы қаралды. Музей қорларында сақталған бірегей жәдігерлерге, олардың ғылыми және тарихи құндылығына ерекше назар аударылды.
Лекция тәжірибе алмасуға, кәсіби мәселелерді талқылауға және музей жұмысының деңгейін арттыруға арналған алаңға айналды.
Іс-шара соңында облыстық музей маманы мен лекцияға қатысушылар үшін музей залдары бойынша экскурсия жүргізілді. Оның барысында қонақтар Бейімбет Майлин ауданының тарихымен, оның мәдени мұрасымен және музей қорының ең құнды жәдігерлерімен танысты.