3 наурыз күні Б. Майлин атындағы тарихи-өлкетану музейі базасында 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күніне арналған «Жарқын әйелдер – жарқын тағдырлар» атты танымдық сағат өтті.
Іс-шараның мақсаты — білім беру және эстетикалық тәрбие саласында еңбек етіп жүрген әйелдермен таныстыру, әйел затына деген құрметті қалыптастыру және Қазақстан тарихына қызығушылықты арттыру. Кездесу барысында қатысушылар мерекенің шығу тарихы, әйелдердің қоғамдағы рөлі және ел дамуына қосқан үлесі туралы мағлұмат алды.
Құрметті қонақтар ретінде «Айгөлек» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Абдуллина Ұлдай Әлиғапарқызы, «Балалар өнер мектебінің» директоры Досмұхамбетова Валентина Мұхамбетқызы және Майский кентіндегі бейнелеу өнері студиясының педагогы Савицкая Светлана Викторовна қатысты. Олар өздерінің еңбек жолы туралы айтып, оқушылардың сұрақтарына жауап берді.
Іс-шара барысында Е. Умурзаков атындағы Мәдениет үйінің қызметкері музыкалық номер ұсынды, сондай-ақ оқушылардың белсенді қатысуымен интерактивті тапсырмалар мен ойындар ұйымдастырылды.
Кездесу жылы әрі мерекелік көңіл күйде өтіп, әйелдердің қоғамдағы маңызды рөлін тағы бір мәрте айқындады.