Жарияланды: 27.07.2021

0

Леонид Петрович Телятников 1951 жылдың 25 қаңтарында Қостанай облысы, Боровской ауданы, Введенка ауылында дүниеге келген, кейін отбасымен Таран ауылына көшіп келген. Мектепті бітіргеннен кейін автожөндеу зауытында электрик болып жұмыс істеді. 1971 жылы Ресей ТЖМ Орал мемлекеттік өртке қарсы қызмет институтын бітірген. Бокс және өрт-қолданбалы спорты бойынша дәрежесі болды. Кейін Ресей ТЖМ Мемлекеттік өртке қарсы қызмет академиясында қосымша білім алды.

Телятников еңбек жолын институтты бітіргеннен кейін Рудный қалалық атқару комитетінің Ішкі істер бөлімінде өрт күзеті бөлімінің инспекторы болып бастады, ал 1973 жылы мемлекеттік өрт күзеті бөлімшесінің инспекторы болды. 1978 жылдан 1980 жылға дейін Қостанай қалалық атқару комитетінің Ішкі істер бөлімінің мемлекеттік әскерилендірілген өрт күзетінің бастығы қызметін атқарды. Содан кейін Қостанай қаласының №69 әскерилендірілген өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары болып тағайындалды.

1982 жылы Леонид Телятников Киев қаласының Киев-Святошин аудандық атқару комитетінің аудандық ішкі істер бөлімінің өрт қауіпсіздігі бөлімінің литерлік объектілерді қадағалау тобының аға инженері болды. 1983 жылы Украина КСР ІІМ Чернобыль АЭС күзету бойынша №2 әскерилендірілген өрт сөндіру бөлімінің бастығы болып тағайындалды.

1986 жылдың 26 сәуіріне қараған түні Чернобыль АЭС-нің 4-ші энергоблогында өрт болды. Сигналды алғаннан кейін жеті минуттан кейін өрт сөндірушілер өртті сөндіруге кірісті. Авариялық энергоблоктағы өртті сөндіру бойынша барлық іс-шараларды ішкі қызмет майоры Телятников басқарды. Ол радиациялық сәулеленудің үлкен дозасын алды, ұзақ уақыт Мәскеуде емделді.

Чернобыль АЭС-індегі аварияны жою кезінде көрсеткен батылдығы, қаһармандығы мен жанқиярлық әрекеттері үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1986 жылғы 25 қыркүйектегі Жарлығымен ішкі қызмет майоры Леонид Петрович Телятниковқа Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені мен «Алтын жұлдыз» медалі табысталды.

Содан кейін Леонид Петрович өрт сөндіру зертханасының сектор бастығы болды, ал 1989 жылдан 1993 жылға дейін Киев облыстық атқару комитетінің ІІО өрт қауіпсіздігі басқармасының нормативтік-техникалық бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқарды. Кейіннен Украина ІІМ өрт күзеті Бас басқармасы бастығының орынбасары болды.

1995 жылы Леонид Телятников Украина ІІМ Мемлекеттік өрт күзеті Басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарды. Сол жылы ішкі қызмет генерал-майоры қызметінен кетті. 1998 жылы Киев қаласының ерікті өрт сөндіру қоғамын басқарды. Киевтегі «Жас өрт сөндіруші» балалар қозғалысының негізін қалаушы болды.

Леонид Петрович Телятников 2004 жылдың 2 желтоқсаныда елу үш жасында қайтыс болды. Киевтегі Байков зиратында жерленген.

Поделиться материалом

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Келушілер

Онлайн келушілер – 7
Пайдаланушылар – 0
Қонақтар – 7
Барлық келушілер – 0