Ағымдағы жылдың 3 қыркүйегінде Б. Майлин атындағы тарихи-өлкетану музейінде «Отбасы — мемлекеттің тірегі» атты танымдық ойын-викторина өтті.
Қатысушылар адам мен қоғам өміріндегі отбасының маңызы туралы сөз қозғап, отбасылық құндылықтарды, дәстүрлерді және отбасы туралы мақал-мәтелдерді еске түсірді. «Мақалды жалғастыр» сергіту сәті барысында қатысушылар белгілі нақыл сөздерді аяқтаса, «Біз білеміз бе?» викторинасы отбасылық қарым-қатынастар мен туыстық байланыстар туралы білімдерін тексеруге көмектесті.
«Кім кімге кім болады?» және «Отбасы дегеніміз…» ойындары ерекше қызығушылық тудырды. Қатысушылар сұрақтарға жауап беріп, отбасының тату әрі берік болуына көмектесетін қасиеттерді атап, отбасылық дәстүрлер туралы өз ойларымен бөлісті.
Іс-шара отбасының сүйіспеншілік, қамқорлық, қолдау, құрмет пен өзара түсіністік екенін тағы бір мәрте еске түсіруге жақсы мүмкіндік болды. Берік отбасы — берік қоғамның негізі, ал отбасылық құндылықтар мен дәстүрлерді сақтау — өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеудің маңызды бөлігі.