Ағымдағы жылдың 8 маусымында Б. Майлин атындағы тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері Б. Майлин атындағы мектептің жанындағы балалар сауықтыру алаңына баратын бүлдіршіндер үшін қазақтың ұлы ақыны, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына орайланған «Жамбыл мұрасы – ұрпаққа аманат» атты викторина өткізді.
Викторина барысында балалар халық ақынының өмір жолы мен шығармашылығымен танысып, оның өмірбаянынан қызықты деректерді, талантының қалыптасуы, айтыстарға қатысуы және қазақ әдебиеті мен поэзия өнерінің дамуына қосқан қомақты үлесі туралы білді.
Жамбылдың отансүйгіштік, әділдік, мейірімділік пен Отанға деген сүйіспеншілік жырланатын шығармаларына ерекше назар аударылды. Сондай-ақ, балалар Ұлы Отан соғысы жылдарында блокададағы Ленинград тұрғындарына рухани қолдаудың символына айналған әйгілі «Ленинградтық өренім!» өлеңінің шығылу тарихымен танысты.
Викторина аясында ақынның өмірбаяны мен шығармашылығын білу деңгейін анықтау мақсатында блиц-сауалнама жүргізілді. Балалар сұрақтарға белсене жауап беріп, өздерінің білімдарлығын және қазақ халқының мәдени мұрасына деген қызығушылықтарын көрсетті.