Жарияланды: 30.09.2025

0

Ағымдағы жылдың 30 қыркүйегінде Б. Майлин атындағы тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері Валериановка ауылының 125 жылдығына арналған “Тарих беттері” фотоқұжаттық көрмесін ұйымдастырды.

Валериановка ауылы XX ғасырдың басынан бастау алады. Ескі көз қариялардың айтуынша, ауыл алғашқы қоныстанушы Валериан есімімен аталған. Алғашқы қоныс аударушылар Украина мен Ресейден келген. Жер бедері сәтті таңдалған: өзенге жақын, биік жерде орналасуы мал шаруашылығы мен егіншіліктің дамуына қолайлы болды.

XX ғасырдың басында Валериановка тез дамыды. 1905 жылы мұнда 101 үй мен 736 тұрғын болды. Ауыл болыс орталығына айналып, приходтық мектеп пен бір сыныптық орыс училищесі ашылды. Тұрғындар егіншілікпен, мал шаруашылығымен, қолөнермен айналысып, жәрмеңке мен базарлар ұйымдастырды.

Ауыл тарихындағы ерекше бет – Валериановка ауруханасы. Оның ғимаратын 1907 жылы Верхнеуральск көпестері сыйға тартып, бөлшектеп әкеліп орнатқан. Бұл – Притобол өңіріндегі алғашқы медициналық мекеме болып, мұнда жергілікті халық пен көшпенділер емделді. Халық жадында 1909 жылы ауылға келіп, науқастарға жанкешті көмек көрсеткен аты белгісіз әйел-дәрігер немесе мейірбике туралы естелік сақталған.

XX ғасырда Валериановка өңірдің маңызды орталығы болып қала берді: мұнда «Коминтерн» ұжымшары, май зауыты ашылып, Бірінші дүниежүзілік және Азамат соғысының жаралылары емделді. Уақыт өте келе ауылдың рөлі азайды: кей функциялар Новоильиновкаға, кейін Лисаковск қаласына өтті.

Бүгінде Валериановка – бай тарихы бар ауыл, алғашқы қоныс аударушылардың, дәрігерлер мен еңбекқор тұрғындардың есімін ғасырдан астам уақыт бойы сақтап келеді.

Поделиться материалом