25.02.2020 19:26

Опубликовано : 15 December 2018

0

Елубай Өмірзақов қазақ кеңес актері, домбырашы-әнші, киноактер 1899 жылы, қазіргі Қостанай облысы, Таран ауданы, Ақтөбе ауылында туған. Ұлттық профессионалдық театр өнерінің негізін салушылардың бірі, Қазақ КСР халық әртісі (1931). 1923-1925 жылдары Орынбордағы қазақтың халық ағарту институтында оқып білім алды. Кедей шаруаның отбасында туған. Шешесі ерте қайтыс болып, әкесі Өмірзақовтың қолында тәрбиеленді. Е.Өмірзақов кедей әкеге көмектесу мақсатымен еңбек майданына да ерте араласты.

Болашақ актер талантының ұшқынын алғаш танып ұштаған, әрі оны оқу-сызуға үйреткен – сол кездері (1914) ауыл ұстазы болған, жазушы-драматург Б.Майлин. Ауыл сахнасында Б.Майлиннің ұйымдастырып қойған «Қаламқас» спектаклінде ару Қаламқастың да, одан кейін соны сағынған жас жігіт Шапайдың да рөлін қоса қабат орындап, жергілікті көрермендердің көңілінен шықты. Ауыл-ауылдың арасында сыршыл-сықақшыл, күлдіргі ән-жырымен танылған Е.Өмірзақов сол кездегі репертуарын халық дастандарының інжу-маржан үлгілерімен «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қобыланды», «Ер Тарғын», және т.б. толықтырып отырды.

1931 жылы Ж.Шанинмен қатар Е.Өмірзақов театрдың 5 жылдық мерекесіне байланысты республиканың тұңғыш халық әртісі атағына ие болды. Қазіргі Қазақтың опера және балет театрын (1934) ұйымдастырушылардың бірі болумен қатар, оның «Айман-Шолпан», «Жалбыр» сияқты музыкалық спектакльдерде халық өкілі, тапқыр Жарас пен күзетші Қайрақбайдың рөлін орындады.

1930-1940 жылдары тек қана драма театрында ойнап қоймайды, ол радио мен филармонияға, эстрадалық концерттер мен кино өнерінің дамуына қызу ат салысып, табиғи талантының әр қырынан танылды.

Халық өнерінің қайнар көзінен нәр алған Е.Өмірзақов әйгілі халық батыры Аманкелдінің бейнесін зор шеберлікпен мүсіндеді. Ол – қазақ сахнасында В.И.Лениннің сахналық тұлғасын тұңғыш рет жасаған актер.

КСРО Мемлекеттік сыйлығы (1952) мен Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1968). Ленин ордені, Октябрь Революциясы орденімен марапатталған.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *